Жаңа жыл - әрбір адамның жыл сайын асыға күтетін ең бір тамаша да әсерлі, болашаққа үлкен үміт артып, жақсы тілек ететін мерекелерінің бірі. Бұл күні өткенді саралап, келешекке бағыт-бағдар жасаймыз. Тәуелсіздігіміздің 20 жылдық мерекесін атап өткен ескі жылды жауып, жаңа жылдың табалдырығын аттағалы тұрған бұл мейрамды өз деңгейінде атап өту әрқайсымыз үшін үлкен қуаныш.
«Сен де бір кірпіш дүниеге кетігін тап та, бар, қалан!» деп, ұлы Абай атамыз айтқандай, бүгін ұлтымыздың ертеңі, мемлекетіміздің болашақ тұтқасы болар білімді де, тәрбиелі аудан оқушылары жиналып отырсыңдар. Алдыңғы аға, апаларыңның атқарып келе жатқан игілікті істерін, Тәуелсіз қазақ елінің даму жолын Сендер - жас жеткіншіктер береке-бірлікпен, бір жанұяның баласындай жалғастыру алдарыңдағы киелі парыз, ортақ міндеттерің. Өйткені, Сендер мемлекетіміздің мақтанышы, болашақ абыройы мен тірегісіңдер. Біз ауданымызда осындай терең біліммен сусындаған өнерлі жастардың өсіп келе жатқандығын зор мақтаныш тұтамыз.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың өзі бас болып ұрпағымыздың білімді де, тәрбиелі болып өсуіне мүмкіншілік жасап отыр. Соның бір айғағы Қаратұма, Науалы ауылдарында заман талабына сай үлкен мектептердің жаңадан салынып, таяу арада балаларға сыйға тартылуы болса керек. Сонымен бірге шалғай жатқан шағын ауылдарымызды қоса есептегенде 11 жаңа мектептің құрылысы жүргізілуде. Бұл үлкен қуаныш, үлкен еңбек. Мұндай мектепте оқыған балалар терең білім, үлгілі тәрбие алуы тиіс. «Білекті бірді, білімді мыңды жеңеді» дегендей бүгінгі заманда білімді адам ең рухани бай, ең мықты адам. Сондықтан да білімді игеріңдер, спортпен шұғылданыңдар, шымыр да жігерлі азамат болып өсіңдер.
Елге, туған жерге, Отанға деген сүйіспеншілік, мемлекеттік рәміздеріміз Ту, Елтаңба, Әнұранымызды өз деңгейінде құрметтеп, оларды дәріптеп, асқақтата көтеру кез-келген қазақстандық жастың киелі міндеті. Мен сендердің өнегелі, білімді балалар болатындықтарыңа кәміл сенемін. Өз атымнан, аудандық мәслихат депутаттары атынан сендерге зор денсаулық, терең білім, жарқын да кемел болашақ тілеймін.
Жаңалық пен жақсылықты үміт ететін Жаңа жыл барлықтарыңызға шаттық, мол табыс, құт-береке әкелсін. Әр жанұяға бақыт құсы ұялап, қуаныш сыйласын.
Келе жатқан 2012 жыл құтты болсын!
Аға ұрпақ алып берген Жеңіс бүгінгі күні де бізді жетістіктерге жігерлендіреді, жанымызға қуат береді, қиындықтарды жеңіп, алға ұмтылуымызға көмектеседі.